Жаңалықтар

Қазақтың «сары баласы»

Қазақ тілін туған тіліндей сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің бірі – Ренат Шумский. Ол – ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының электр цехы қосалқы станциялары мен желілер учаскесінің басшысы. Өзінің өндірісте өркендейтініне сенімді кейіпкеріміз қызметін орыс және қазақ тілінде жүргізеді әрі Абайды оқиды.

—«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», — деп бастады өз сөзін Ренат. Бұл —оның өмірлік қанатты сөзі және бұны орыс тілінде де «Без труда не вынешь и рыбку из пруда» деп жиі айтады. Отбасында да екі тілде сөйлейді. Себебі, өсіп келе жатқан қыздары Арина мен Альмиридің өзге тілдің бәрін біліп, өз тілдерін құрметтегенін қалайды. Сондықтан да қыздарына да қазақ тілі туған тілдеріндей.

– Дөң тау-кен байыту комбинатында қызмет етіп келе жатқаныма жеті жыл. Орыс-қазағы аралас ұжымдастарыммен де тілдің арқасында ынтымақта міндетімізді атқарып, бір мақсатқа жұмыламыз, — дейді ол.

Өндіріс оны мектептегі кезінен қызықтырған. Алғашында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде электромеханик болып, кейін комбинаттың цехына ауысады. Ол жақта еңбек жолын шеберден бастап,үш жылдан соң  электр цехы қосалқы станциялары мен желілер учаскесінің басшысы болып тағайындалады.

— Мен кәсіпорынға келіп, даму мен тұрақтылықты көрдім. Өстім. Өндірістің тірлігі мені одан әрі қызықтырды. Әкем де Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді, – деді.

Ренат жұмысқа тұрғасынкомбинат есебінен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық-техникалық университетіне, екінші жоғарғы оқу орнына түсіп, электромеханика мамандығын тереңінен меңгеріп алған болатын. Сондай-ақ мектепте де, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетте де қазақ тілінде білім алды.

— Менің анам Светлана Викторовна да қазақ мектебінде сабақ береді. Хромтаудағы Шумскийлердің барлығы — менің туыстарым, ֫— дейді ол. — Біз Абай ауылында тұрамыз. Бірыңғай қазақ отбасыларының арасында тұрып келеміз. Сондықтан да болар, бала кезімнен тілдік ортаға тез үйрендім. Бұл — тіл үйренудің жақсы тәсілі. Әсіресе, қазақ немесе орыс секілді күрделі тілді мүмкіндігінше ертерек үйреніп бастаған жөн. Сонда тез жаттығасың.

Ренат күн сайын жұмысқа Абай ауылынан, 30 шақырым жерден келеді. Жұмысын жанындай жақсы көреді. Жеті жылда тек электр желілерін біліп қана қоймай, әр істен хабар алып, бухгалтерлік пен экономиканың да қыр-сырын үйреніп алды. Сол себепті кейіпкеріміз келешекте өндірістің өзге сатыларын да басып көруге ниетті.

— Әкем айтпақшы, мұнай мұнайымен, ал жарық қашан да, қай жерде де керек. Электроэнергетика — өлмейтін сала, — деп мамандығының маңыздылығын да айта өтті.

Қазақтан қыз алған жігіт бос уақытын отбасымен өткізеді. Анар — Ренаттың қолдаушысы, қабырғасы, өмірлік серігі. Ал отағасының сүйікті ісі —  автокөлік жүргізу.

— Жұмыстан тыс уақытта өзімнің көліктерімді, әкемнің көлігін жөндеп, машинаның жарақты тұруын қалаймын. Арасында әріптес-достарым да келіп, көліктерін жөндетіп алады. Өзім осы іспен шұғылданғанды ұнатамын, — дейді қазақтың сары баласы.

— Аңшылыққа да шығатын едім, биылғы көктемде  үлгермей қалдым. Жұмыс көп, уақыт аз.

Қызметі мен үйінде барлығына үлгеріп жүретін ол комбинаттың электр желілерінен қандай да бір ақау шыққанын қаламайды. Сол үшін де жұмысын тыңғылықты орындайды.Ол:

— Өндіріске енді қадам басқан жастардың электр саласына мұқият болғандарын қалаймын. Жастардың көп оқып, ізденіс жолында жүргенін көргім келеді. Қазіргі заманның талабы да сол ғой. Жақсы қызметке тұрып, жақсы жалақы алу үшін осының бәрі қажет. Мен мұны цехтағы жас буын өкілдеріне де жиі айтып жүремін, – дейді ол.

Ренат қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрлерін де өте жақсы біледі және қазақ елінде тұрып, ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білмеу ұят деп санайды.Үйінде ет асылып, бауырсақ пісіріліп, қазан қайнап жататын Шумскийлердің  қазақ тіліне құрметі зор.

Арайлым ҒАНИ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button